«АБАЙДЫҢ ДАРА ЖОЛЫ»

Биыл Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының қазақтың бас ақыны деп таныған адамзаттың ақылманы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы. Әлбетте, Абайдың тойы - халықтың тойы. ...

«АБАЙДЫҢ ДАРА ЖОЛЫ»

Биыл Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының қазақтың бас ақыны деп таныған адамзаттың ақылманы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы. Әлбетте, Абайдың тойы - халықтың тойы. Ұлтымызға ұстаз болған ұлы ақынның мерейтойы жыл бойына жалғасып, еліміздің барлық өңірлерінде мәні мен маңызы бөлек әртүрлі шаралар ұйымдастырылады. Бұл ретте Семей қаласы мен ақынның туған өлкесі Абай ауданында өтетін іс-шаралардың жөні бөлек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абайдың мерейтойы той тойлау үшін емес, ой толғау үшін өткізіледі» дегені жадымызда. Расында, ақынның мерейтойы ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін керек. Абайды терең тануға баса мән беретін бұл тойдың бұрынғы тойдан өзгешелігі де осында жатса керек.

Өнердің қара шаңырағы – Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония ұжымы хакімнің мерейтойына орай «Абайдың дара жолы» атты концерт берді. Алдымен филармония директоры Айбек Бекбосынов өнерсүйер қауымға жылы лебізін білдірді.

«Жазда Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын ел болып атап өтпекпіз. Қаңтар айында ақынның мерейтойы Нұр-Сұлтан қаласында мәнді де мәнерлі басталғанына куә болдыңыздар. Ендеше, қара шаңырақ атанған Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония ұжымы хакімнің 175 жылдығына орай сіздерге ерекше көңіл-күй сыйламақ ниетте. Құлақтан кіріп, бойды алар, әсем әнмен тәтті күй төгілетін бүгінгі концерттен рухани күш алып қайтыңыздар», - деп атап өтті Айбек Серікболсынұлы.

Әр шырқалған әннің әсері бөлек, әуені әуезді, орындалуы айрықша болды. Сондықтан  өнерсүйер, өлеңсүйер қауым бұл концертті көпке дейін айта жүреді. Өйткені Абай әлемі өлең құдіретінің шексіз биік шыңы болып қала бермек.  

 Е.ЖАНАТҰЛЫ, Семей қаласы.