«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра»

Күй - қазақ ұлтымен, қазақ қанымен бірге қайнасып, бірге жасасып келе жатқан киелі мұра. Бүгінде күй өнерін дамытуға үлес қосып жүрген белгілі күйші композитор, Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының директоры Айбек Бекбосынмен "Семей таңы" газетінің тілшісімен сұхбаты Толығырақ Тақырып батырмасын басыңыз

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра»

Ассалаумағалейкум Айбек Серікболсынұлы! Сіз осы уақытқа дейін ел астанасында біраз жүрдіңіз. Бүгінде туған жерге қайта оралып еңбек етіп жатырсыз. Дегенмен Шығыста шығармашылық ортаның жұтаңдау екені анық. Бұл сіздің шығармашылық шарықтауыңызға кедергі емес пе?

 

  • Уағалейкүмассалам! Иә мен өзім жоғары оқу орнын бітіріп келіп, Семейдің

мұғалімдер даярлайтын қара шаңырағы педагогикалық институт қабырғасында ұстаздық қызметте жүргеннен-ақ кәсіби ортаны іздеуден жалыққан емеспін. Жалпы елдің шығысы мен батысы деп бөлгенді аса ұната қоймаймын. Ия, рас, туып өскен жерім дегені болмаса, Семейдің өзінде көп тұрақтай қоймадым. Арман қуып, өсу жолын көздеп оңтүстік астанаға шығыстың шығармашылық ортасы жұтаңдау болды деп кеткен жоқпын. Жалпы таза күйшілік өнерді алып қарайтын болсақ, оны мойындау керек, кәсіби шеберлігі асқан домбырашылар некен саяқ. Алматы – мәдениет пен өнердің қаласы. Ол жерден өзіме көптеген артықшылықтармен бірге өнердің өмір мектебінен өттім деуге болады. «Мектеп» деп, кішірейтіп айтып тұрған шығармын. Өнер жолында мен бірден сол ортаның аспирантурасына түстім. Өйткені, бағым мен бабыма орай Роза Қуанышқызы және бірқатар өнер майталмандары кездесті. Алматыдан елордаға қоныс аудардық. Ол жерде, Сарыарқа төріне жиылған небір ығайы мен сығайының ыңғайын келтіріп, сынағынан, елегінен өттім. Қазыналы қарттардың, халқы қадірлеген ел ағаларының ортасына бардым. Әрине, өзімнің арқалаған қара домбырамның арқасында балқыдым, шалқыдым. Еркеледім. Соның өзінде 30 дан асқан азаматпын.

Бірқатар күйлерімнің тууына да осы орта көбіне көп өз әсерін тигізді. Ақыл айтты, қолқа салды, тебірентті, тербеді, тербелдім. Айта берсе сөз көп.

Жаңа қызметке, елге келе сала, жұмыс көп деп те, қарамай шығармашылық жұмысымды тоқтатпадым. Бұл маған сын.       

 

Тақ пен таланттың жолы қиюласа қоюы сирек. Ел сіздің мансабыңызды білмесе де  талантыңыз жайлы көп айтылады. Десе де басшылық қызметте отыру, өзіңіздей тума-талант иесіне сахнаны сағындырмай ма?

 

  • Бағым жанып, тақ үшін келген жоқпын. Мансапты таңдағанымның өзі бір ұзақ

әңгіме. Басында бір жылдан артық уақыт бас тартып жүрдім. Алдынғы сұхбаттарымда  да айтқан едім ол туралы. Филармонияны танып-біліп жатқан көзі қарақты адам қатары көбейді. «Ее, осы жігіт келіпті ғой» - деп жатады, сол сөзді айтып тұрған адам: «Қандай ойда айтты екен» деп, мен өз-өзіме сұрақ қоямын. Келгенім дұрыс болды ма жалпы, әлде сол сахнада жүре бергенім артық па еді деп.

Алайда, мен неден жасқанамын. Бөтен ортаға келген жоқпын. Кәсіби мәдени орта, концерттік ұйым, біліктілігі жетілген мамандар. Қайталай кетейін, мен бұл ұжымға басшы болу үшін емес, әріптес болу үшін келген едім.

Жастарды көтерейін, танытайын, жұмыс жасайық деп келдім. Қазіргі таңда онлайн концерттер беріп жатырмыз. Бәрінен қалмаймын деп айта алмаймын, программаларда әлі репертуарға сай шығармаларымды орындап, домбырамда ойнап тұрамын. Ол жерге мені «директор» деп шақырмайды ғой. «Күйші-композитор» деп шақырады. Кейде шыққың да келмейді, кез келген шығарманы орындап әбден аяқтаған соң көрерменнің ыстық ықылас, қошемет-шапалағы естілмегендіктен біртүрлі сезініп, иіліп кете бересің. Сағыныш осы сәтте келіп, бірден сейіледі.

Қазіргі санитарлық талаптарға сай жұмыс жасауды жалғастырып жатырмыз. Құдай өзі, сәтін салып, барлығы аман-есен болып осы бір қиындықты халық болып еңсеріп кетеміз деген ойдамыз.

 

«Нағыз қазақ - қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра» деп ерекше баға беріп жатқанымыз бен бүгінде артыңыздан ерген кейінгі буын, өнердің эстрада жанрына еріп, сол арнаның бойында жүр. Осы күй өнеріне деген қызығушылық қайдан пайда болды? Жүре біткен дарын ба әлде қанда бар қазына ма?

 

  • Қанда бар қазынаға да даритын жол бар. Әрине, қаныңда болмаса, қайдан шығады.

Оны кім қалай мойындайды өз еркінде. Қайталаудан жалықпаймын. Орта буын мектепті оқып бітірген жылы дәстүрлі ән конкурсынан марқұм Тұрсынғазы ағамыз көріп, қыстың бел ортасында музыкалық колледжге оқуға түсіріп жіберген. Оны қайсарлық дейсіз бе, табандылық дейсіз бе? Миға сыймайтын дүниені жасады ол кісі. Сөйтіп, қолға домбыра ұстап отырғанымда қағысымды көріп, саусағымның жіңішке ұзын келгенін көріп, Серік Малаев ұстазым мені болар да болмай домбыра сыныбына  ауыстырып алды. Негізінде әкем мен анам да әнші, кәсіби өнерпаздар-тұғын. Абай еліндегі атақты «Қаламқастың» жұлдызды дуэттері.

Колледж қабырғасында жүргенде ұстазым бірден үлкен дода, академия мен консерватория студенттерінің, мамандандырылған мектеп-интернат түлектері ғана бақ сынайтын байқауларға салды да жіберді, былайша айтқанда отқа салды. Сол жерден ысылдым, төселдім. Қаймықпадым, дайындалдым. өтірік емес, құрбы-құрдас, достарым біледі саусағымнан қан аққанша дайындалатынмын.

Қазіргі ондай жігер-төзімділік, дайындықты көрмедім. Мүмкін көрмей жүрген шығармын, бірақ естісем айтар едім, естімедім де ғой.

Секен ағаның сөзі бар: «Ән айтатындар аз емес, күй шығаратындар көп емес. Соның ішінде күйді ұғатын мыңнан біреуі ғана шығады». Орындаушы көп, әнші аз, домбырашы көп, күйші аз. Сондықтан бұл өнерге екінің бірі бара бермейді, бардым дегендердің ұғынуының өзі екі талай. Жалпы қазіргі кезде қарапайым тыңдарман «күй өнерін аса қатты түсіне бермейді, домбыра не дейді, не айтқысы келеді» дейді ішінен. Әрине бұл өнер көрініп тұрғандай сурет емес, ән де емес, сөзі бар жыр да емес. Қазіргі кезде күй өнерін теледидар, радиолардан да аз беріледі, сондықтан да тыңдармандар мен көрермендерді бұл өнерден алыстатып жібергені де сезіледі. Себебі қазіргі кезеңді эстрада әндерінің шарықтау кезеңі десек те болады. Эстраданың өзіндік стилін тапқан орындаушы болсын, әншісі болсын шын талант болса мойындаймын. Эстарадаға кетті деп сөге жамандамаймын. Барлығы бірдей күйді ұғып кетіңіздер деп отырған жоқпын. Әркімнің өз өресі мен санасы бар. Күйді де кез келген жерде шерте бермейсің. Шертетін жердің де өзіндік репертуары бар. Оны көріп те жүрсіздер. Мысалға тойға келіп, мұңлы зарға толы күйді орындап тұрсаң: «Айналайын» деп, бастайтын сөзді естігің келмейді.     

 

Қазіргі уақытта өзіңіздің авторлық жеке күйлеріңіздің саны қаншаға жетті? Күй қалай туады? Күйшілердің шабыты ақындардың шабытындай арынды ма?

 

  • Қазіргі таңда нақты 9 күйім бар. Басында күй деп айтуға тұрады ма деп өзімді

бағаламай жүретінмін. Қарап отырсам, әр күйім бір-бірінен асып түсетін сияқты. Өйткені, күйдің негізгі айтпақ ойының болатын жері – басты тақырыбы болады. Сағасы мен иірімдері үйлесімді түрде ауысып бір буыннан келесі буынға өткізуде асқан шеберлік керек. Жалпы күй деген бұл қазақтың ежелден-ақ, мұңдасы, сырласы, жансерігі. Күйдің ғажаптығы сол - өмірдің мән-маңызын ұқтыратын, ойға жетелейтін тылсым әуен. Адам боп өмір сүруге, жақсылыққа, ізгілікке ұмтылдырады. Күй тыңдап, күйді шын түсінген пенде жамандыққа бармайды деп жатады. Сондықтан да күй құдіретті, киелі деп есептелінеді. Домбыра туралы ұлы ғұлама әл-Фараби еңбектерінде: «Қос ішек адамның денсаулығын жақсартып, өмірін ұзартады, күш-қуатын арттырып, батылдыққа баулиды» деп жазылуы жайдан жай болмаса керек. Тіпті жазушы Мұхтар Әуезов:

  •  «Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс

қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй» – деп ерекше баға берген. Ал менің өзімнің жеке авторлық күйлерімнің ішінде төкпе күй аз, оған себеп біздің күйшілік мектеп өз әсерін тигізсе керек. Әдемі сазға толы шертпе күйде сом мағына, терең мазмұн жатады. Оны аша білу және айтпақ дүниеңді жеткізе білуде еңбектің ұшаң теңіз болатыны сөзсіз.

Шабыт демекші, бір күйге кемі 8 ай, әрі кетсе 1,5 жыл уақыт кетіріппін. Күй деген үлкен бір толғаныстан шығады. 10 шумақ өлеңді 1,5 жыл жазған ақынды көрдіңіз бе? Ия, бар, егер ол үлкен дастан жазса, түсінемін. Себебі бір дастанды жазу үшін қаншама ізденіс керек. Ақындардың шабытының арыны туралы дәл осы жерде тіптен қозғағым келмейді. Әркім әрқалай түсінеді және оны әркім әрқилы жолмен келтіреді.  

Осы күйшілік өнеріндегі ұстазыңыз кім?

  • Ұстазым туралы жоғарыда айтып кеттім. Серік аға, музыка өнерін терең зерттеуші

ғылыми атағы жоқ ғалым, Семей өңіріндегі «музыканың академигі» деп айтсам, артық айттың дер. Мысалға, шығармашылық концертімде орындаған «Қоңыр» деген күйді 8 жыл зерттеп, дәл сол күй үшін концертте бір күйге бола жеке домбыра жасаттық. Нағыз өнерге жанашыр адам сондай болу керек.

Өмірде ұстаз тұтар адам көп, батасын беріп, жылы лебізін білдірген аға буын күйшілерде жетерлік. Олардың сөзі мен үшін бойтұмар.  

Болашақты бір жақты болжау қиын әрине. Десе де алдағы уақытта осы басшылық қызметінде жайлы зонада қалып қоймай, шығармашылық жолдағы арман мақсаттарыңыз бар ма?

  • Басшылық жасаудың күйбең тірлігі бітпес, конвейер іспетті. Жалпы созылып

жалғасып жатқан айналмалы жүйе. Жүйе дұрыс қойылса,  шығармашылық жұмыс тоқтап қалмайды. Оны әсте ұмытқан емеспін. Менің өмірлік негізгі миссиям ұлттық өнер, оның ішінде осы күй өнерін дәріптеп биік дәрежеге жеткізу. Қазіргі кезде жер бетінде өз тәуелсіздігін ала алмай жүрген қаншама ұлт бар. Ал біз болсақ өз егемендігімізді алдық, тіліміз мемлекеттік тіл болды, шекарамыз сызылды, астанамыз Сарыарқа төрінен ойып тұрып орын алды. Сондықтан да ұлттық өнеріміздің мәртебесін түсіріп алмау басты парыз. Қазіргі кезде жер бетінде өз тәуелсіздігін ала алмай жүрген қаншама ұлт бар. Ал біз болсақ құдайға шүкір өз егемендігімізді алдық, тіліміз мемлекеттік тіл болды, шекарамыз сызылды, астанамыз Сарыарқа төрінен ойып тұрып орын алды. Сондықтан да ұлттық өнеріміздің мәртебесін түсіріп алмауды жалғыз әншілер немесе күйшілер емес барлығымыз атсалысып басты парыз деп санауымыз қажет. Күні кеше ғана мен үшін шоқтығы биік «Телқара» күйі шықты. Биыл да «арық сөйлеп, семіз шығайын» деген ойменен ел тәуелсіздігінің мерейлі шағына арналған бір күйдің де туары сөзсіз. Қазақта «қара», «қоңыр» деген сөздер бар. Қазақтың қара домбырасы аман болса, қоңыр әуезді үнменен Ұлы Мұқаңа арналған бір күйде артынша пісіліп, саусақтарым ысылып бір тамаша туынды шығар деген ой бар. Бұның барлығы атаулы мерзімге сай шығып жатса, күйлерімнің жыл санауы сол мезеттермен қатар аталып жүрер. Олар және де ұмыт қалмас, кейінгі ұрпақ бағамдар, бағасын бере жатар.   

Уақытыңызды бөліп сұхбаттасқаныңызға рахмет. Қос ішегіңізден күй тарқамасын дегіміз келеді.

Сұхбаттасқан Абылай МАҚСҰТБЕК