БИ ӨНЕРІ – ҰЛТТЫҢ МӘДЕНИ БАЙЛЫҒЫ

Семей өңірінде мың бұралған биімен көрерменге танылған талантты өнерпаздардың бірі - аққу болып таранып, жауқазындай ашылып сахнаның сәніне айналған, бар болмысымен қазақ халқының жанына жақын "Тұмар" би ансамблінің бишісі Айнұр Асхар туралы "Семей таңы" газетінің 2020 жылдың 26 мамыр күнгі №39 (19005) санында арнайы мақала жарық көрді. 
Толығымен оқу үшін тақырыпты басыңыз

БИ ӨНЕРІ – ҰЛТТЫҢ МӘДЕНИ БАЙЛЫҒЫ

Би өнерінің шоқ жұлдыздары дегенде қазақ ұлттық биінің ханшайымы Шара Жиенқұлова, Ә.Ысмайлов, бүгінде әлем жұртын тәнті еткен Шұғыла Сапарғалиқызы сынды өнерпаздар еске оралады. Қазақта әнші көп, күйші де жетерлік, бірақ ұлттың мәдениетін, өткен тарихын бейнелейтін, халқымыздың табиғатымен үндесетін, рухын тербейтін билері арқылы елімізге танылған бишілер көп емес. Дегенмен бүгінде би өнері дамып, жетіліп келеді.

Семей өңірінде мың бұралған биімен көрерменге танылған талантты өнерпаздардың бірі - аққу болып таранып, жауқазындай ашылып сахнаның сәніне айналған, бар болмысымен қазақ халқының жанына жақын биші Айнұр Асхар. Айнұрдың биін талай концерттерде тамашалап, өнеріне тәнті болып жүрміз. Өнерпаздың өзіндік болмысы, сахнадағы ерекше қимылы көрерменді өзіне баурап алады. Бүгінде Семей қаласындағы Әміре Қашаубаев атындағы филармонияда еңбек етіп жүрген сұлу өнердің иесі сонау Моңғолияның Баян Өлгей аймағында дүниеге келіп, ата-жұртты аңсаған үлкендердің өсиетін бойына сіңіріп өскен. Кең даланың төсін еркін жайлаған көшпенді халықтың тұрмыс-тіршілігіне де қанық. Айнұрдың билерінде қыранның самғауы, тұлпардың дүбірі, еркіндік пен сұлулық тамаша бейнеленеді. Биші Корея, ҚХР, Жапония, Түркия, Португалия, Испания елдерінде, Ресейдің Мәскеу, Новосібір қалаларында өнер көрсеткен. 2013 жылы Өскемен қаласында өткен «Құс жолы» атты халықаралық өнер байқауында бас жүлдені жеңіп алған. Сол жылы Қазақстан тарапынан шақырту алып, тарихи Отанына келген. Бүгінгі таңда репертуарында қазақ, монғол, қытай, туба, өзбек, испан халықтарының және заманауи билер бар. Көбіне қазақ билері жанына жақын. Әрбір өнер адамы халықтың мәдени мұрасын, ұлттық өнерін дәріптеп, жеткізуші болғандықтан оның сұлу да сымбатты болуы шарт. Сахна сұлулықтың ордасы деп айтамыз. Бишінің болмысынан қазақылықтың иісі аңқып тұрады, сахналық киімдерін әдемі оюөрнекпен безендіруде бишінің талғамы ерекше. Айнұр сахналық киімдерінің барлығын өзі тігеді. Қанға сіңген қасиет деп осындайда айтылса керек.

- Сахнада өзіңді жеңіл, еркін сезінетін әрі әдемі киім керек болғандықтан, костюмдерімді өзім тігемін. Студент кезімде бос уақытымда өзіме әдемі көйлектер тігетінмін. Бала күнімде анам кілем, алаша, тұскиіз тоқығанда жанында отырып, қолғабыс жасайтынбыз. Сол кезден осы ұлттық оюлар санамда жатталып қалыпты. Осы соңғы шығарған биім - «Ою-өрнек» биінде жүн сабау, су құю, кесте тігу сынды элементтерді қолданамын, табиғатпен сырласу, қыз баланың нәзіктігін бейнелеймін. Болашақта  тігін цехы мен жеке би сыныбын ашу ойымда бар. «Ай-нұры» би тобындағы өнерлі сіңлілеріме білгенімді үйретіп жүрмін, - дейді Айнұр.

Анадан өнеге алған, даналар тағылымынан сусындап өскен арудың арманы асқақ, мақсаты айқын. Келешектегі арманы - көне сақ дәуірінен бастау алатын, тарих қойнауынан сыр шертетін дала мәдениетін паш ететін би қою. Кейіпкеріміз, жалпы, топ бишісі емес, жеке солист болғандықтан халықаралық фестивальдардан қалмай, өнерін шыңдаумен келеді.

- Биші болу - бала кезімдегі арманым. Өнерімді дамыту үшін әрқашан ізденісте жүремін. Моңғолия мемлекетінің астанасы Ұлан Батыр қаласында би мамандығы бойынша жоғары оқу орнын тамамдағанмын. 2004 жылдан бастап Баян Өлгей қаласындағы қазақ музыкалық-драма театрында солист биші болдым. Жалпы би мамандығын алсам да, өнерімді тек қазақтың ұлттық билерімен бастадым. Үйдегі тәрбие де солай болды. Университетті бітірген кезде дипломдық жұмысымды қорғағанда «Біржан-Сара» операсындағы биді ұсындым.

Туған өлкемде көшпенді қазақ мәдениетін көзіммен көріп өстім. Менің билерімде табиғаттың әдемі құбылыстары көп кездеседі. Жеке би билегенде сахнада өзімді еркін сезінетінімді айналамдағы адамдар, көрермендерім байқаса, оны осы даланың ғажап құбылыстарымен байланыстырамын. Би менің өмірім деп айтсам болады. Мысалы, «Қара жорға» күйі негізінде би пайда болған деп естимін. Сондықтан бұл - өмірден алынған өнер. Мұндағы би қозғалыстары көшпелі халықтың табиғатына байланысты туған. «Қара жорғада» жігіттің атқа мінгендегі шабысы сол иық қимылдары арқылы айқын көрінеді. Сол сияқты киіз басу, ұршықпен жіп иіру де қазақтың би өнеріне негіз болған. Халқымыз тұрмыс-тіршілігін би арқылы бейнелей білген. Біз ұлттық би өнерін құрметтей білуіміз керек. Қазақ билерін жаңғыртып, барынша дәріптеу қажет.

Жалпы, би өнеріне бала күнімнен құмартқаныммен, билеуді 18 жасымнан бастадым. Жақсы өнерпаз болу үшін 10 пайыз талант, 90 пайыз еңбек ету керек. Биге деген махаббат, сахнаға деген құрметтің, талмай еңбектенудің арқасында армандарыма жеттім деп айта аламын. Қыз бала үшін өнер жолы қиын болса да үлкен сахнаға шығу үшін көп ізденіп, тынымсыз еңбек еттім. Басқа елде жүрген кезімде атамекенім Қазақстанға бару, елімнің өнерін паш ету арманым болатын. Қандай керемет мемлекетте тұрсаң да, қай елде білім алсаң да, ата жұртыңа жетпейді. Елге келген соң, 2016 жылы, Семей қаласында жеке концертімді бердім. «Ай-нұры» атты би тобымды құрдым. Бүгінде халықтың қолдауының арқасында өнерімізді көрсетіп келеміз.

Би өнеріне тән сұлулық пен бекзаттықты жоғалтпай, ұлтымыздың өнерін насихаттап жүрген Айнұрдың әлі талай ғажайып тың туындыларымен халықты қуантарына сеніміміз мол. Арманы асқақ адам ғана құстай самғайды. Биікке самғай бер, қанатың талмасын дейміз кейіпкерімізге.

Мақпал МАРАТҚЫЗЫ, «Семей таңы»