СҮЙІНШІ СҰРАР КҮНГЕ ЖЕТЕЙІК

Хәкім Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына дайындық шаралары жайында ҚР мәдениет саласының үздігі, Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның директоры Айбек Бекбосынның 2020 жылдың 26 мамыр күнгі №39 (19005) санында "Семей таңы" газетінің тілшісіне берген сұхбаты 

Толығымен оқу үшін тақырыпты басыңыз

СҮЙІНШІ СҰРАР КҮНГЕ ЖЕТЕЙІК

Бүгінде Семей өңірінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына дайындық шаралары қарқынды жүргізілуде. Ұлы ақынның мерейтойына шаһарымыздың мәдени ордасы қалай дайындалып жатыр? Осы және өзге де мәдени шаралар жөнінде бірер ай бұрын қаламызға қайта оралған ҚР мәдениет саласының үздігі, Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның директоры Айбек Бекбосыновтан аз-кем сұхбат алған едік.

- Ең алдымен, Айбек Серікболсынұлы, Семейге, киелі мәдени шаңыраққа қайта келуіңізбен құттықтаймыз!

- Рақмет! Өзімнің өсіп-өнген ортам десем де артық болмас. Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищеде оқып жүргенімде осы шаңырақтың сахнасында талай өнер көрсеткенмін және әкем мен анам «Қаламқас» ән-би ансамблінде қызмет істегендіктен бұл орта бала күнімнен маған жақын таныс. - Әміре филармониясына келгеніңізге біраз уақыт болыпты.

Жаңа басшы жаңа идея, тың серпінмен келетіні сөзсіз ғой...

- Әрине, бұл жерге келерден бұрын көп ойландым, көп толғандым. Роза Рымбаева, Төлеген Мұхамеджанов, Бекболат Тілеухан және тағы да басқа өнердің алдыңғы толқын өкілдерінің ақылкеңестерін тыңдай отырып, өз идеяларыммен ұштастырған үлкен жобалық бағдарламалармен киелі шаңыраққа келдім. Теміржан Базарбаев, Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов, Дауыл Хайруллин, Тұрсынғазы Рахимов, Келденбай Өлмесеков, Рақымбек Ноғайбаев, Рақымғали Мыржықбаев және күні кеше дүниеден өткен Мейрамбек Ахметов сынды еліміздің біртуар азаматтары еңбек еткен мәдениет ордасында қызмет істеу – мен үшін мақтаныш, шаңырағымыздың қос анасы - Баян Сағынбаева мен Бақыт Үдербаева апаларымыздан бастап өнер қайраткерлері Берік Омаров, Гүлдана Ноғайбаева, тағы да басқа жас таланттармен әріптес болу бір ғанибет. Реті кеп жатқан соң айта кетейін, басшылық жасаудан гөрі әріптес болып бірге жұмыс істеуді мақсат етіп келгенім рас.

- Сізді бүкіл қазақ елі күйші-композитор ретінде таниды. Шығармашылықтан қол үзіп қаламын деп ойламайсыз ба?

- Жоқ. Керісінше, ұжыммен бірге өрістеу, даму жолын әрі қарай қарастырамыз. Ал Семей топырағы маған тың серпін берер деген ойдамын. Оның үстіне Абай атамыздың тойына күйден тәбәрік болсын деп ерекше тарту жасамақ ойым бар.

- Алдыңғы тақырыпқа оралайық. Алдағы жоспарларыңыз жайлы айта кетсеңіз...

- Үстіміздегі жылы Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына орай қолға алғалы жатқан жобамыздың бірі - 175 адамнан құралған домбырашылардың басын қосып, атамыздың «Торжорға» күйін орындауды жоспарлап отырмыз. Оған арнайы бейнеклип түсіруді де қарастырып жатырмыз. ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, танымал хормейстер Амантай Жұмашев мырза арнайы шақыруыммен ұжымымызға ат басын бұрған болатын. Мақсатымыз және ойластырған жобамның тағы бір қыры өңірімізде бұрын-соңды болмаған сегіз адамнан құралған акапеллалық октет тобын құру еді. Яғни сопрано, альт, тенор, бас дыбыс түрлерін екі-екіден бөліп, жанды дауыста музыкасыз ән орындауды қолға алдық. Біз бұл ретте бірден квартет, квинтет, сикстеттен де бас тарттық. Ауқымды жұмысымызды көрсету үшін Абай атамыздың «Татьянаның хаты» мен «Өзгеге, көңілім, тоярсың» әндері таңдалды. Оны тыңдарман қауымға жуық арада көрсететін боламыз.

- Бұл Сіздің алғашқы бірер айда атқарып үлгерген істеріңіздің бір парасы ғана деп ойлаймын...

- Бұдан бөлек, тағы бір жаңалығымызды айтайын. Еліміздің өңірлерінде симфониялық оркестрлердің бары белгілі, алайда тағы бір жоба ұсынып отырмын, ол - эстрадалық-симфониялық оркестр құру. Үкілі үмітіміздің бір парасын осы жерден көргім келеді. Тіпті тұсаукесер концертін облыс орталығында ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Оған елімізге белгілі сахна өнерінің майталмандары келмекші. Олар кімдер екені оқырманға құпия болсын, алдағы уақытта ести жатарсыздар.

- Ерекше жоба болатын сыңайлы ғой...

- Иә, біз бұған тыңғылықты дайындалудамыз. Оған ұжымымыздың шығармашылық әлеуеті толығымен жетеді.

- Бұдан өзге де жоспарларыңыз бар сияқты...

- Әлбетте, бұлардың үстінде үлкен хор құруды да қарастырып қойдық. Әр жобаға жеке-жеке жетекшілер тағайындалды. Қазіргі таңда өнерпаздарымыз жұдырықтай жұмылып еңбек етуде, ойға алған талай істер атқарылып жатыр. - Еліміздегі төтенше жағдай, шектеу шаралары Ұлы Абайдың тойына дайындық жұмыстарына әсерін тигізбей қоймады...

- Әрине, дегенмен қол қусырып отыруға болмайды. Өткен айдың өзінде онлайн режимінде жалпы жиыны 40-қа жуық іс-шара, соның ішінде онлайн - концерттер өткіздік, Абай атамыздың әндері орындалды, челлендждерден де орын алды.  Айта кетейін, Семейге бір жылға жоспар құрып келдім. Шаһардағы өнер жолындағы мүйізі қарағайдай ағаларымыз бен апаларымыздан көрген өнеге, алған тәлім-тәрбием, тәжірибем күйшікомпозитор болғандықтан да толысқан сияқты. Филармонияның веб-сайтын қайта жасап жатырмыз. Оған amire.kz деп ат қойып отырмын. Әміре атамыздың есімін иеленген ұжым болғандықтан облысымызға, қала берді елімізге Әміре атауымен таныс болу керек және филармониямыздың атымен үйлесіп тұру керек.

- «Болар істің басына жақсы келер қасына» деген сөз бар. Жақсы жоспарларыңыздың жүзеге асқанын көретін уақыт та алыс емес-ау шамасы...

- Солай сияқты. Абай атамыздың тойынан бөлек, биыл күзде Әміре филармониясының құрылғанына 75 жыл толғалы отыр. Шығыс өңіріне, алаш жұртына, тарихи қала мәртебесін иеленіп отырған Семей топырағына титтей де болсын өз үлесімді қосуды азаматтық парызым деп санаймын.

- Әңгімеңізге рақмет! Алда атқарар істеріңізге сәттілік, ұжымыңызға шығармашылық табыстар тілейміз!

Сұхбаттасқан Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ